ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының профессор-оқытушылары халқымыздың өткеніне мен бүгінін бағалайтын, болашағына бағдар беретін парасатты бастамасы туралы мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына ой-пікір білдірді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»
Президент мақаласының алғашқы бөлімі бағдар мен белес деп аталып, осы күнге дейін атқарылған дүние сараланады. Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп тарихын түгендеуге шекарасын шегелеп, инфрақұрылымдарға баса мән берді.Үшінші онжылдықта еліміз индустриялық даму жолын таңдады. Ал төртінші онжылдықтағы міндет қуатты елдің иесі және кемел халық болу деп атап өтті. Мемлекет басшысы мақаласын оқи отырып болашаққа тың серпінмен, сеніммен қарап, тәуелсіздіктің қадірі мен тарихын ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық парызымыз!
Мадалиева Ақзада Алайдарқызы
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал профессоры, заң. ғ. к.
ТӘУЕЛСІЗДІК ТЕГЕУРІНІ ТЕРЕҢДЕ
Дана халқымыз 30 жасты орда бұзар кезең деп бекер атамағандай. Себебі балалық балдәуреннен жалындаған жастық шақтың шегіндегі 30 жыл ішінде өмірдің әртүрлі белесінен өтеміз, мінезіміз қалыптасады, елдің азаматы ретіндегі келбетіміз көрініс береді. Осы ретте тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай жазылған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы әрбір Қазақстандық азаматтың көкейінде жүрген ой-толғауды қозғаған іспетті.
Аталмыш мақалада үш онжылдықта жасалынған еліміздің оңтайлы беталыстары, мемлекетіміздің бағдарлы саясаты, жетістіктері мен тәуелсіздік белестері баяндалады. Сонымен қатар, тарихқа тағзым ете отырып, өскелең ұрпақты таным мен тағылымға бет бұруға меңзейді. Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін есте сақтай отырып, ата-бабамыздың азаттық жолындағы күресін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру қажеттілігі баса айтылады. Бұл тарихтан тағылым екені айдан анық. Алдағы онжылдықтың бағдарын бағамдауы болашақтың бейнесін көруге, оған сеніммен қарауға бағыттайды.
Мемлекеттің тұтас болуында, халқымыздың бірлік-ынтымақ кеңістігінде өмір сүруінде идеологияның алар орны ерекше. Осы орайда мақаланың мазмұнында жағымсыз идеологиялық вирус мәселесі қозғала отырып, бейсананың адам іс-әрекетінің басқарушысы екендігі дөп түсіп атап көрсетілген. Адам ырықсыз қанымызға жат қылықтарға бой ұрып, санасының уланғанын өзі сезбей, иммунитеті әлсіреп, торға түсетіндігі тұжырымдалады.
Мақалада ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі екендігі айшықталады. Мемлекеттің басты капиталы — бұл адам. Осы орайда, оның білімінің сарқылмауы, білігінің артуы қоғамды дамытуда басты күштердің бірі болып табылады. Сондықтан әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, заманауи кәсіптерді игеріп, өзінің өзектілігін әрдайым арттырып отыру қажеттілігі көрсетіледі.
Мақаланың өзегінде Тәуелсіздіктің тегеуріні тереңде жатқандығы және мемлекетіміздің келешектегі тұғырының биік болуы әрбір Қазақстан азаматының борышына айналуы тиіс екендігі түйінделеді.
Аяғанова Алмагүл Жанділдақызы
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал доценті, психол. ғ. к.